Осы қыс бұрын сонды болмаған молынан жауған қарымен ерекшеленуде. Кейбір отбасылар қала тұрғындарына үйреншікті болған жылу беру жүйесі артықшылықтарынан мақұрым қалып отыр. Сондықтан қаражатына қарай әрбір отбасы қысқа отын дайындап алды. Алайда өкінішке орай, кейбір отбасылар қаражатының жеткіліксіздігіне, мүмкіндіктерінің шектеулігіне және тағы басқа қиыншылықтарға байланысты отынын үнемдеп, «үсті-басы – ақ қырау, түсі суық» қыстың ызғарына көнуге мәжбүр болып отыр… Осындай қиын-қыстау күн кешіп жатқан отандастарымызға қол ұшын созып, барынша көмек көрсетуге тырысқан жандарды бір тудың астына біріктіре отырып «Шұғыла» қоғамдық қоры «Отбасыға жылу сыйла» жобасы аясында жағдайы төмен отбасыларға көмір тарату шарасын бастағалы отыр. Бұл іс-шара барысында 22 желтоқсанда Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай аудандарының және Алматы қаласының әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына көмір таратылады.