{module помощь Караганде}
Қарағанды облысындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуге көптеген адамдар мен компаниялар ниет білдіріп, үлес қосуда. «Шұғыла» қоғамдық қоры да «ІСКЕР» Қарағанды бизнес қауымдастығымен «Біз халықпен біргеміз» акциясын бірге ұйымдастыра отырып, гуманитарлық көмек жинауға және оны таратуға бүкіл күш-жігерін жұмсады.
29-cәуірде Ғ. Мұстафин ауылының 70 отбасы, ал 2-мамырда Садовая және Чкалов ауылдарының 150 отбасы жалпы салмағы 6,5 тонна азық-түлік тағамдары мен гигиеналық заттардан құралған азық-түлік қоржынын алды.
Ғ. Мұстафин ауылының тұрғыны Марина Хомутова қазіргі таңда олардың ауылына көптеген гуманитарлық көмектің келіп жатқандығын айтады. Олардың ішінде азық-түлік тағамдары, су, медикаменттер бар. Тұрғындар өз үйлерін құрғатып, кептіру үшін пештерін жағуда. Қалалық, облыстық әкімшіліктерден күнделікті келіп жатқан комиссия көшелерді тексеріп, тұрғындардың халімен танысуда. Бұдан басқа, бағалаушылар келіп әрбір отбасының шеккен зардаптарын есептеуде.
Әсіресе, тұрғындардың өтінішіне жергілікті әкімшіліктің ұйымдасқан түрде тез әрекет етуі қатты қуантады.
Қордың атынан барлық зардап шеккен тұрғындарға, отбасыларға қиындыққа мойымай сабыр етуді және тұрмыстарының тез арада жақсарып кетуін тілейміз. Біз барлық адамдардың жүрегінде аяушылық бар екеніне сенімдіміз және өз тарапымыздан келешекте де көмек қолын созуға дайын екенімізді айтқымыз келеді.