Қаңтарда жиналды: 5 861 499 тг
Биыл жиналды: 5 861 499 тг

Ағаш отырғызу акциясы

 

«Шұғыла» қоғамдық қоры «Мағыналы күн» атты ағаш отырғызу акциясын ұйымдастырғалы отыр. Акцияның басты мақсаты сүйікті Алматымыздың көгалдандыруына үлес қосу. Кейде күнделікті қарбаластың ішінде жүріп басқаларға жақсылық жасау үшін өте аз нәрсе керектігін ұмытып кетеміз. Бар болғаны – ағаш егіңіз, сонда қалаңызға деген сүйіспеншілігіңіз жасыл бақ кейпінде мәңгіге есте қалады. Ағаш отырғызуды бірінші рет ұйымдастырып жатырмыз және де бұл бастаудың сәттілігі сіздердің белсенділігіңізге байланысты, құрметті тұрғындар мен қала қонақтары.

Бұл шара сәуірдің 7 және 14 күні Алматы қаласының Алатау ауданынында орналасқан «Халық» саябағында болады және аудан әкімшілігімен толық келісілді. Алдын ала керекті мамандармен саябақтың ландшафт дизайны жасалды. Бұл дизайнға сәйкес келесі ағаштар отырғызылады: терек, шаған, үйеңкі, қарағай, матсудана талы, емен, жұпаргүл, талшын, арша, қараған, манжур жаңғақ ағашы, сумах, акация, гледичия ағашы.

Бір ағаш отырғызу құны 7000 теңге және осыған 2 м. көшет, көгалдандыру дизайны, мамандар кеңесі, ағаштарды жеткізу, манипулятор машинасын жалға алу, отырғызуға қажетті аспаптар, тыңайтқыштар және басқа ұйымдастыру шығындары кіреді. Акцияға қатысуға ниеті барлар қор кассасына алдын ала төлем жасап, отырғызу күні «Халық» саябағына келуі қажет.

Ағаш отырғызайық, халайық, – ағаш отырғызып оның өсіп-өнгенін көру ұмытылмас сезім!

Баршаны қатысуға шақырамыз!

Жол схемасы (Яндекс-картада қарау).