{module Все ради детей 2015}
Балаларды қорғау күні – әрбір балаға деген қамқорлық
Тән саулығына түскен ақау көп адамдарға шешілмейтін, өмір сүруге кедергі тигізетін мәселе болып көрінеді. Бірақ онымен келісе бермейміз. Басыңа берілген жағдайға шүкір етіп, төзімділікпен өмір сүру және сол өміріңді өзің үшін пайдалы ете білу керек. Алматы облысы, Талғар қаласындағы «Ақжол-М» қорының дене шынықтыру-сауықтандыру орталығында балаларды, міне, осыған үйретеді.
Бірлестіктің негізін қалаушы Раушан орталықтың жұмысы туралы былай әңгімеледі: «Біздің орталықта балалар шығармашылық қабілетін дамытып, білім алып және спортпен шұғылданады. Міне, қазір біз Талдықорған қаласында өткен паралимпиадалық жарыстан 19 алтын және бір күміс медальмен оралдық. Балаларымыз бұл жарыстарға жүзу, жеңіл атлетика, нысана көздеу және теннис бойынша қатысты. Біздің орталықтың ашылғанына жақында бір жыл толады. Осы уақыт ішінде Талғар және Еңбекшіқазақ ауданынан 100 бала біздерге келіп жүр. Олардың арасында ауыр жағдайдағы балалар да жоқ емес. Біздер оларға барып тұрамыз».
Мүгедек балаларды дамытуға және оларды рухани сауықтыруға арналған орталықтың тіршілігін ата-аналардың өздері қамтамасыз етіп отыр. 1 маусым – Балаларды қорғау күні «Шұғыла» қоғамдық қоры осындағы балаларға арнап мерекелік шара ұйымдастырды. 40 бала Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы театрға барды, театр жанындағы демалыс саябағындағы атракциондарда көңіл көтерді. 13 жастағы Нұрмұханның аяғын бір жыл бұрын автобус басып кетіп, қиналып қалған еді. Бүгін балалармен батутта секіргенін көріп, апаттан кейінгі өміріндегі қуанышына куә болдық. Ал, 8 жастағы Самондат ДЦП диагнозымен балдақпен жүріп жүр, бірақ, бұл жағдай оның атракционда көңіл көтеруіне кедергі келтірмеді.
Театрдағы қойылым барлық балалар мен ата-аналарының көңілінен шықты. Бірақ өнер жағынан балалар да қалыспады. «Керемет» кафесінде олар өздерінің әсерлі би, керемет әндерімен әрбір көрерменнің көзайымына айналып, барлығын таңдандырды. Күні бойы балалар ерекше шат-шадыман көңіл-күймен жүрді. Бір-бірін қатты сыйлайтыны, араларындағы достық сезімдері қаншалықты берік екендігі байқалды, себебі, жүруді үйренуде балаларға тек үлкендер ғана емес, өздерінің құрдастары да көмектесті. Осындай ақжүректікті, достар арасындағы жақындықты қазіргі балалар арасында жиі кездестіре бермейтініміз белгілі.
Біз «Ақжол-М» қорының тәрбиеленушілеріне арналған мерекелік шараны ұйымдастыруға көмек көрсеткен барша адамдарға алғыс білдіреміз. Балалар қашанда осындай жақсы көңіл-күймен өмір сүрсін!