04.09.2015 – 09.10.2015
Біздің елімізде табысы жеткіліксіз болғандықтан, бала-шағасын асырай алмай жүрген көмекке мұқтаж жандар аз емес. Әрине, бұл отбасылардағы әйелдер де басқа да әйелдер секілді табыс көзін қажет етеді. Алайда көп уақытын үй шаруасымен өткізетін оларға тұрақты жалақысы бар жұмысқа орналасу қиын, өйткені олардың кәсіби тәжірибесі жоқ, тіпті оқып үйренуге қаржы да тапшылық. Соған орай «Шұғыла» қоры аз қамтылған отбасылардағы әйелдерге ақысыз тігіншілік курстарын ұйымдастырды. Курс бағдарламасы үш кезеңнен тұрады.
Бірінші курс (1,5 сағаттан 12 сабақ) үстіміздегі жылдың қыркүйек айының 4–9 күндері аралығында өтті. Бұл курсқа қатысушылар юбкалардың сан алуан түрін тігуді үйреніп шықты. Барлық қатысушылар сабақ барысында белсенділігімен көзге түсті.
Курстың соңында олар сабақты жүргізген тәлімгерге үлкен алғыс айтып, ризашылық сезімдерін білдірді. Курстың алғашқы күндерінде өздерін ыңғайсыз сезініп жүрген қатысушылардың курстың соңында өз-өзіне сенімді, үйренуге ықыласты, курсты жалғастыруға ниетті екенін аңғаруға болатын еді. Өйткені бос уақытта белгілі бір іспен шұғылдану адамның жан дүниесіне жағымды әсер етеді. Біз осы курстар арқылы әрбір қатысушының жанұясына ең кемінде ананың аялы алақанымен тігілген әдемі юбкалар алып келетініне сенімдіміз.
Келесі екінші курс әйел көйлектерін тігіп үйренуге арналады. Үшінші курс тігісі қиын киімдерге бағытталады. Курстан өткен қатысушыларымызға жұмыс табу жеңілдейді, әрине, үйдегі шкафтар да әдемі киім-кешектермен толығатын болады.
Біз баршаңызды жұмысқа тұра алмай жүрген мұқтаж жандарға көмектесуге шақырамыз. Бір адамға көрсетілген мейірім бір отбасының тұрмысын тұтастай жақсартуы мүмкін.