{module 1 июня. Благотворительная ярмарка «Лавка добра» в городе Шымкент}
«Шұғыла» қоғамдық қоры Шымкент қаласында Халықаралық балалар күніне орайластырылған «Игілік мекені» атты қайырымдылық жәрмеңке ұйымдастырды.
Жәрмеңке алаңы ыстық ауа-райына қарамастан адамдарға тола бастады. Балаларымен бірге келген ата-аналар сатылымға қойылған қолөнер бұйымдарын қызығушылықпен тамашалап жатты. Қолдан жасалған бұйымдардың әралуандылығы мен сырт пішіні жәрмеңкенің кішкентай қонақтарын да қызықтырмай қоймады. Қолөнер бұйымдарының ішінде былғары дорбалар, белбеу, тоқылған баскиімдер, ағаш ыдыс-аяқтар, асыл тастармен әшекейленген күміс зергерлік бұйымдар және тағы басқалары болды.
Сонымен қатар жәрмеңке қонақтарын еріктілер дайындаған дәмді тағамдар күтіп жатты – торттар, бәліштер, кекстер мен тоқаштар тәтті иісімен адамдарды тартып тұрғандай. Жәрмеңкеге арнайы жасалған палау да тамақ талғампаздары мен жұртшылықтың көңілінен шықты. Ыстықтан шөлдегендерге салқын көже, компот, шай және жеміс сусындары ұсынылды.
Қайырымдылық жәрмеңкеден жиналған қаражат Оңтүстік Қазақстан облысының жағдайы ауыр отбасыларына көмек көрсетуге бағытталады. Қуаныш пен шаттыққа толы болған бұл шараның ұйымдастырылуына үлесін қосқан барлық жандарға үлкен алғысымызды білдіреміз!